Қазақстанда креативті индустриялар саласында білім беру бағдарламасы басталады
.

Креативті индустрияларды дамыту қоры Қазақстанның барлық өңірін қамтитын ауқымды білім беру бағдарламасын іске қосады. Осыған байланысты қор креативті индустриялар саласында тәжірибесі бар сарапшыларды ынтымақтастыққа шақырады.
Жоба еліміздің 20 өңірінде жүзеге асырылады. Бағдарлама аясында өңірлердегі креаторларға тәжірибелік білім беру, жаңа жобаларды дамыту және креативті кәсіпкерлікті қолдау көзделіп отыр.
Бүгінде әлемде креативті экономика ең жылдам дамып келе жатқан салалардың бірі. Қазақстандық креаторлар музыка, дизайн, digital-контент, кино және жаңа медиа бағыттарында айтарлықтай жетістікке жетіп, әлемдік нарыққа шығуда. Дегенмен өңірлерде тәжірибелі мамандар мен индустриялық білімге қолжетімділік әлі де өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Осыған байланысты қор нарықта жұмыс істеп жүрген практик мамандарды тартуға басымдық береді.
Білім беру бағдарламасы атап айтқанда кино, музыка, театр, анимация, дизайн секілді бірнеше бағыттарды қамтиды. Жоба аясында сарапшылардың қатысуымен воркшоптар, интенсивтер және менторлық бағдарламалар ұйымдастырылады.
Қор креативті индустрия саласында кемінде 3 жылдық тәжірибесі бар, жүзеге асырылған жобалары мен кәсіби портфолиосы қалыптасқан мамандарды іздейді. Сондай-ақ үміткерлерде мастер-класс, воркшоп немесе оқыту бағдарламаларын өткізу тәжірибесінің болуы маңызды.
Іріктеуге қатысу үшін ілеспе хат, өзекті түйіндеме және кәсіби портфолио ұсыну қажет. Өтінімдер мына сілтеме арқылы қабылданады: https://forms.gle/XgrK9WG1Nr25FDk97.
Аталған бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың креативті индустрияларды дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылып отыр. Осы мақсатта құрылған Креативті индустрияларды дамыту қоры бүгінде еліміздің 20 өңірінде жұмыс жүргізіп келеді. Қордың мақсаты - таланттарды қолдау, өңірлердегі шығармашылық экожүйені нығайту және қазақстандық креаторлардың бәсекеге қабілетті жобаларын дамытуға жағдай жасау.