Өскеменде «Tarbiya» ұлттық киім брендінің салоны ашылды
Өскемен қаласы Республика күні қарсаңында ұлттық нақыш пен рухани жаңғырудың мерейлі ордасына айналды.

Облыс орталығында елімізге танымал этнодизайнер Тәрбие Айдынбаеваның республикалық деңгейде ашылып отырған тоғызыншы сән үйі — «Tarbiya» ұлттық киімдер салонының тұсауы кесілді. Сән мен салтты, дәстүр мен дизайнды тоғыстырған бұл шара Өр Алтайдың төрінде халқымыздың бай мәдени мұрасын дәріптеген шынайы өнер мерекесіне айналды.
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев өз құттықтауында ұлттық брендтің ашылуын еліміз үшін ерекше мәдени оқиға деп атап өтті. Салтанатты рәсімде сән көрсетілімі де өтті. Алдымен «Хазар», одан кейін алғаш рет көрермен мен тұтынушыға жол тартып отырған «Берел алтыны» топтамасы жұртшылықтың жүрегін бірден жаулап алды. Бұл топтама – ежелгі Берел қорғандарында табылған алтын бұйымдар мен өрнектердің, сақ дәуірінің киім үлгілерінің заманауи сән арқылы қайта жаңғырған көрінісі. Киімдердегі ежелгі аң бейнелері мен алтын өрнектер, киіз бен жібек, барқыт пен былғары үйлесімі – қазақ сән өнерінің биігін паш етті. Тәрбие ханымның сөзінше, Берел топтамасы ауа райының ерекшелігін ескере отырып, суық маусымға арналған жылы материалдардан дайындалған. Киімдердің бір бөлігіне табиғи құс жүні, қолмен салынған алтын өрнектер қолданылған. Кеш барысында лоторея билеттері ойнатылып, жолы болған өскемендіктер брендті шапан мен жібек орамалдарға, тақия мен басқа да сый-кәделерге қол жеткізді. Мерекелік кештің ажарын аша түскен танымал әнші, Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі Гүлнұр Оразымбетова әннен шашу шашып, кешті көтеріңкі көңіл-күймен түйіндеді.